Елбасы бірқатар әскери, құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бірқатар әскери, құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

Елбасы бірқатар әскери, құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Атап айтқанда, 2-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен ҚР ҚК Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Руслан Әлімов, Астана қаласының прокуроры С.Бекбосынов, ҚР ІІМ Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Т.Мәткенов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Қ.Оразқұлов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы А.Шайымова, 2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР Бас прокуратурасының департамент бастығы Р.Досымбекова, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 1-авиация базасы командирінің орынбасары М.Каушенов, ҚР ҚМ 44803 әскери бөлімінің командирі Н.Қабақов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы бас штабы бастығының орынбасары - Жедел бас басқармасының бастығы А.Степаненко, 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің сержанты - Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы С.Шораханов марапатталды.

Мұнан бөлек, бірқатар әскери, құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері Елбасы қолынан «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алды.

«Бүгінде шекарамыздың қауіпсіздігін, халқымыздың амандығын сенімді сарбаздар күзетіп тұр. Олар ата-бабамыздың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, аға буын аманатына адал болды. Елге қорған болу үшін ер-азаматқа қажымас қайрат, асқақ рух қажет екені анық», - деді Елбасы марапаттау рәсімінде.