Елбасы бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысы басталар алдында өтті. Келіссөз барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективалары жөніндегі мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына қатысқаны үшін Сума Чакрабартиге ризашылық білдіріп, осындай екі жақты кездесудің дәстүрлі сипат алғанын айтты.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта елімізде бірлескен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

null«Осы жылдар ішінде Қазақстанға 7 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қазір сіздер Қазақстанмен ынтымақтастықтың еларалық бағдарламасын қабылдадыңыздар. Ірі инфрақұрылымдық бағдарламалар іске асырылуда. Шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, аграрлық кешенді қолдау ісі өзекті болып қала береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

С.Чакрабарти Қазақстанда инвестициялық белсенділікті ынталандыру үдерісіндегі Шетелдік инвесторлар кеңесі басқосуларының тиімділігі мен маңыздылығы және мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың дамуы жөнінде айтты. 

Сондай-ақ, Елбасы «Royal Dutch Shell» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесті.

Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы аяқталғаннан кейін өтті.

Келіссөз барысында тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейту және стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.