Елбасы биылғы сәуірден бастап зейнетақы, шәкіртақы және жәрдемақы көлемін арттыруды тапсырды
AСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік тұрғыдағы даму шығыстары толық жүз пайыздық көлемде орындалатынын атап өтті.
«Жыл басынан бері ұлғайғанын ескеріп, биылғы 1 сәуірден бастап, зейнетақы төлемдерінің өсім көлемін 14 пайызға дейін жеткізуді тапсырамын, ал мемлекеттік жәрдемақы төлемдері 12 пайызға жеткізілсін», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек көлемін 12 пайызға және студенттердің стипендиясын 10 пайызға көтеру керек екенін атап өтті.
Президент Үкімет фискальдық тұрақтылықты қамтамасыз етуі қажет екенін, бюджетті тағы қарастырып, қажет болған жағдайда түзетулер енгізілетінін жеткізді.
«Тиімсіз шығыстарды жойыңыздар. Бізде бар барлық резевтерді іске қосыңыздар. Қабылданған әлеуметтік міндеттер, әлеуметтік тұрғыда даму шығыстары толық жүз пайыздық көлемде орындалатынын атап өтемін», - деп түйді Н. Назарбаев.