Елбасы: Біз болашағымыздың жарқын болғанын көргіміз келеді - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 30-ы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Елбасы: Біз болашағымыздың жарқын болғанын көргіміз келеді - республикалық басылымдарға шолу

***

«Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қаңтардың 30-ында жарық көрген барлық мерзімді басылымдарда, атап айтқанда, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Астана ақшамы», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер», «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланды.

Кеше түстен кейін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бюро отырысы болып өтті. Оған ел Президенті, партияның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл отырыста бюро мүшелерімен қатар, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері бас қосты. Оның күн тәртібіне Мемлекет басшысының осы күні халыққа жолдаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі «Нұр Отан» партиясына жүктелген тапсырмаларды талқылау мәселесі енгізілді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жолдауға сәйкес жаңа міндеттер айқындалды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда «Осы отырыста айтылған пікірлер мен ескертпелерді есепке ала отырып, Премьер-Министрге ертең Үкімет отырысында Жолдауды жүзеге асырудың Жалпыұлттық жоспарын қарап, еліміздің дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру шараларын бекітуді тапсырамын», деген Елбасының сөзі келтірілген.

Еліміздің басты саяси партиясында өткен алқалы жиын жайында егжей-тегжейлі жазылған мақалаларды «Алаш айнасы», «Айқын», «Казахстанская правда», «Литер» газеттерінен де оқи аласыздар.

Ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Қазақстан - 2020. болашаққа бірге барамыз» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің мақаласы берілді. «Елбасының Қазақстан халқына өзінің жыл сайынғы Жолдауын арнайтын күн әрқашан да еліміздің қоғамдық өмірінде басты оқиға болып табылады. Бұл - жаңа кезең бастауы. Бұл - жаңа жоспарлар. Бұл - жаңа міндеттер. Бұл - жаңа үміттер. Бұл - жаңа жетістіктерге ұмтылыс. Бүгінгі Жолдаудың маңызы ерекше. Олай дейтініміз, Елбасымыз бізге жаһандық экономикалық және саяси ықпалдардың қайта бөлісі мен тарихи кезеңдер алмасуының күрделі бір сәтінде Қазақстанның 10 жылдық даму бағдарламасын ұсынды», дейді Үкімет басшысы.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысының Жолдауына орай жедел үнқосулар топтамасы да беріліп отыр. Жолдауға орай үнқосулардан Үкімет мүшелерінің, Парламент депутаттарының, облыс әкімдерінің, жұртшылықтың пікірлерін біле аласыздар.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жолдаудың негізгі ережелерін талқылап, ел азаматтарына жолдаған үндеуі де берілген. «Мемлекет басшысының бүкіл халыққа арналған құндылықтар негізінде ұлттық стратегия әзірлеу қажеттілігі туралы үн тастауы ерекше назар аудартады. Олар:

- Отан және тәуелсіздік;

- ешбір азамат өзінің жеке іс-әрекеті арқылы мемлекеттің даму мүдделеріне нұсқан келтірмеуі тиіс;

- әрбір азаматтың экономикалық өрлеуге қатыстылығы;

- аймақтық және әлемдік рынокқа ықпалдасу.

Қазақстан халқы Ассамблеясы халық бірлігін, біздің ортақ үйіміз - Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуші күш, мемлекеттік ұлттық саясаттың басты ұйыстырушы құралы ретінде қазақ халқының мәдениеті, тарихы мен тілін дамыту туралы Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарды қуаттап, толықтай қолдайды», делінген аталған үндеуде.

***

«Айқын» газетінің сенбілік санында Елбасының «Жаңа он жылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына орай үнқосулар топтамасы жарияланған. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова «Бүгінгі Жолдауды ел, соның ішінде, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері қуана қарсы алса керек, өйткені олардың айлық табысы сәуір айынан бастап 25 пайызға көтерілетін болды», десе, Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев «Меніңше, бүгін біздің бәріміз Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласының 2020 жылға дейінгі және алдағы 5 жылдықтағы даму стратегиясын айқындап бергендігінің куәсі болдық», депті.

Мұндай үнқосулар «Астана ақшамы», «Алаш айнасы» газеттерінде де жарияланған.

***

«Араб тілін жетік білген Абай «Алла» дейді, бірақ біздің бүгінгі «мықтылар» тіл табиғилығын менсінбей «Аллаһ» дегенді шығарды». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген сұхбат Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлымен арада өрбіген.

Ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастырудағы қадамдарымыз көңіл көншітерлік пе? «Алаш айнасы» газетінің осы сауалына экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділ Байғұншеков пен техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Меңдібаев жауап берген. Ғалымдардың «ия» және «жоқ» деген жауаптарын басылымның сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

***

Елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілгеніне 1 айға жуықтады. Бұл жаңа бстаманың қаншалықты тиімді немесе қандай шикі тұстары бар екенін анықтауға жетерлік уақыт. Осы орайда «Астана ақшамы» газеті Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан Есімовпен сұхбаттасқан. Екеуара әңгіме барысында айтылған жайттардың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Жаңа жүйе жөнсіздіктің жолын кеседі» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Литер» газетінің жазуынша, Оралда Қазақстан мен Ресейдің жетекші партиялары - «Нұр Отан» ХДП мен «Біртұтас Ресей» партиясының өкілдері кездескен. Партиялардың облыстық филиалдары басшылары Кедендік одақ жұмыстарын талқыға салған.

«Болашақ» президенттік бағдарламасының ең жас иегері Мария Мудряк Апенниндегі ірі музыканың телеарналық конкурсының жеңімпазы атанды», деп жазады «Экспресс К» газеті. «Rai Uno» телеарнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілетін байқау - итальян телеарнасының басты музыкалық оқиғасы. Оған әлемге аты танымал әншілер ғана қатысады.