13:03, 26 Сәуір 2021 | GMT +5
Елбасы бұрынғы қаржы министрі Александр Бацуланың қазасына орай көңіл айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі Бацула Александр Ефимовичтің қазасына орай көңіл айтты. ҚазАқпарат бұл туралы Елбасы сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақ КСР-ның бұрынғы қаржы министрі Александр Бацуланың өмірден өткені туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.
«Ол есепшіден Қазақ КСР-ның қаржы министріне дейінгі еңбек жолында жемісті қызмет атқарып, осы саланың дамуына сүбелі үлес қосты.
Мен оны республиканың Министрлер Кеңесінде бірге жұмыс істеген кезімізден жақсы білуші едім. Александр Ефимович жоғары кәсіби біліктілігімен, берік ұстанымдарымен, адами қасиеттерімен ерекшеленетін.
Александр Бацуланың жарқын бейнесі оны білетін адамдардың жүрегінде әрдайым сақталады», – делінген жеделхатта.
Бацула Александр Ефимович бүгін, 96 жасына қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды.