Елбасы цифрландыруға қатысты Асқар Жұмағалиевке тапсырма берді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Нұр Отан» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке тапсырма жүктеді, деп хабарлыйды ҚазАқпарат.

Елбасы цифрландыруға қатысты Асқар Жұмағалиевке тапсырма берді

"ІТ-мамандарды даярлау бойынша "Нұр Отан" тарапынан қолға алынған бастама дер кезінде жасалып отыр. Бұл шаралар "Цифрлық Қазақстан" үшін адами капиталды даярлау тапсырмасымен жақсы үйлесіп отыр. Бүгінде бұл бағыттағы шараларға барлық жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. Биыл әкімдіктермен бірлесе 500 мыңға жуық адамды оқытамыз", - деп тоқталды Жұмағалиев.

Осы орайда ол партия тарапынан "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын қолдағандығы қосымша демеу болып отырғанын, өз кезегінде Үкімет барлық бастамаларды қолдауды жалғастыратынын атап өтті.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстанды цифрландыру идеясына жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

"Мәулен Әшімбаев ("Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары) партияның цифрлық саладағы жұмыстарын баяндап берді. Осы бағыттағы шараларды іске асыру үшін бірлесіп жұмыс істейтін боласыз. Біз барша Қазақстанды бұл идеяға назар аудартуымыз керек. Бұның барлығы бекерге айтылып тұрған жоқ, іске асыратын мезгіл жетті", - деді Елбасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке қаратып айтқан сөзінде.

Президент бұл саланы ілгерілетуге, жобаларды әзірлеуге қауқарлы талантты адамдарды анықтап, іріктеуге назар аудару қажеттігін тапсырды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның қазіргі уақытта цифрлық саланы дамыту жобалары туралы айтып берді.