Елбасы: Экономиканың құлдырауына жол бермедік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет міндеттемелері мүлтіксіз орындалуы тиіс. Бүгін Ақордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Елбасы: Экономиканың құлдырауына жол бермедік

«Экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Оң өзгерістер бар. Инвестициялар 6 пайыздан астамға өсті. Жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде сақталып қалды. Жаңа министрлердің баяндамасынан бәрін естідіңіздер», - деді Елбасы.

Осы ретте Мемлекет басшысы бюджет қызметкерлерінің жалақысы - 30, жәрдемақылар 25 пайызға өскенін, зейнатақы 9 пайызға индекцияланғанын атап өтті. 673 мың адамның  әлеуметтік жәрдемақысы артқанын айтты.

«Қазақстанда жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Оларға да көмек жасатып отырмыз. Яғни, атап өткенімдей, мемлекет міндеттемелері мүлтіксіз орындалуы тиіс, олар орындалып та жатыр. Мұнан ары да дәл осылай қолдау жалғаса беретін болады. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласында 1 трлн. теңге бөлінді. Бұл дағдарыс құбылысына қарамастан өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық», - деді ҚР Президенті. 

Сонымен қатар Н.Назарбаев білім  беру саласына биыл 1,63 трлн. теңге бөлінгенін атап өтті.