Елбасы елдің сөзін сөйледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі иығынан демалып тұрған Қазақстан үстінен ауыр жүк түскендей еркін тыныс алды десек артық емес. Өйткені, екіге жарылған қоғам Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жер мәселесіне айтқан соңғы сөзінен кейін қайта тұтаса бірікті. Елдің көптен күткен сенімі ақталып, Президент тәуелсіздігі небәрі ширек ғасырға жуықтаған Қазақстанда халық үшін жұмыс істейтін кепіл екенін тағы да дәлеледі. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева білдірді.

Елбасы елдің сөзін сөйледі

«Бір нәрсенің басы ашық. Соңғы уақытта жерге байланысты орын алған оқиғалар Қазақстан қоғамын саяси тұрғыдан өсіре түскені анық. Бұл еліміздегі демократиялық жолмен өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Демократияның басты құндылығы халық пікірімен санаса отырып, әділ шешім қабылдау, сол арқылы ел ішіндегі тепе-теңдікті сақтау. Мемлекет басшысының Ақордада өткен кеңесте үлкен резонанс тудырған «Жер туралы» кодекстің кейбір нормаларына бір жылға мараторий жариялауы кез келген бүкілхалықтық пікірді жақтайтынын айғақтайды. Қазірде Елбасының «Бізге халыққа ұнамайтын заңның қажеті жоқ» деген бір ауыз сөзінің өзі қоғамда қызу талқыға түсіп, қалың жұртшылық арасынан қолдау тауып отыр», - деді ол.

Оның пайымынша, қандай да бір саяси көзқараста асығыс шешім қабылдауға болмайтыны секілді экономикада да тонды келіспей пішуге болмайды. «Жеті рет өлшеп барып кесілмеген» тірлік ертеңгі күні сан соқтыруы мүмкін. Ал қоғам мүшелерінің ең жанды тұсы жер мәселесінде жан-жақты ойластырмай қимыл жасау тіпті өте шетін күрделілік. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Жер ең бірінші халықтыкі».

«Қазақ халқы «Жер байлықтың анасы болса, әкесі еңбек» дейді. Заңды мұрагері халық болып табылатын мемлекеттің меншігіндегі жер елдің игілігіне жұмыс істегенін барлық адам мақұл көреді. Бірақ, қандай жолмен? Осыны алдағы уақытта Үкімет халықпен бірлесе отырып Президенттің алдына қоятын болады. Бұл нағыз әлемдік практикаға сай жасалған Қазақстанның демократиялық қадамы», - деді университет басшысы.

Сонымен қатар ол халықтың бір-бірін сабырға шақырып, осы уақыт ішіндегі ең басты байлығымыз Тәуелсіздікті сақтау екенін ұғынғаны қатты қуантқанын баса айтады.

«Бұл біздің ел тұрғындарының әлемдік қақтығыстардан бойларын аулақ салып, елдік дәстүр мен болашақты ойлайтындарын айшықтайды. Өйткені, егемендікті қорғау елдің де, Елбасының ең басты мақсаты. Құрылатын комиссияға «халықтық ұсыныстармен бірге «Жер туралы» кодексті егжей-тегжейлі қарап, Парламентпен бірге келісімге келетін болса ғана мораторийді алу» жөнінде талап қойған Нұрсұлтан Назарбаевты барша Қазақстан азаматтары бірліктің бренді ғана емес, мемлекеттің негізгі кепілі ретінде жақсы түсінеді. Сондықтан да соңғы сөзді Елбасыдан күтетін. Кеше бұл сенім тағы да ақталды», - деді Д.Нөкетаева.

Көмір генерациясын дамыту жобасы: энергетикалық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі
Ұқсас жаңалықтар

Ұлттық жоба көмір генерациясының отын-логистикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді