Елбасы елордада ЕҚЫҰ саммиті сияқты конференция өткізуді ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хельсинки қорытынды актісінің 45 жылдығына орай 2020 жылы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі конференция өткізу қажет. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Президентінің пайымынша, қырғы-қабақ соғыс нағыз қызған кезде, 1975 жылы жасалған актіні жаңартатын уақыт келіп жетті.
«Осыған орай аталған стратегиялық құжаттың қабылдануының 45 жылдығына орай 2020 жылы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі соған бара-бар конференция өткізуді ұсынамын. Жаңа келісім жасасу процесінің оңай болмайтындығын түсінеміз. Дегенмен, кейбір ұлы державалар көпжақты форматта емес, екіжақты тәртіппен жұмы істеген игілікті деп санайды. Сондықтан да қорытынды келіссөздерге дайындық 2019 жылдан басталғаны дұрыс болар еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан алдағы уақытта мұндай конференция өткізуге дайын екендігін және елордада ЕҚЫҰ саммитін өткізу арқылы тәжірибе жинағанын еске салды.
«Бұл істе көп жайт әлемдік державалардың ұстанымына байланысты болары сөзсіз. Осыған орай әлемдік державаларды жаңа келісім жасау бойынша бірлесіп әрекет етуге шақырғым келеді», - деді Елбасы.
Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтып, Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестікке алаңдаушылық танытты.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін екендігін ескертті.
Кибертехника ядролық және өзге де стратегиялық нысандарға қауіп төндіретінін баса айтты.