Елбасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктердің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы кемшіліктерін атады
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін елордада өткен Индустриялдық форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктердің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы кемшіліктерін атады.
Мемлекет басшысының пайымынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуын жіті қадағалауы тиіс. Бұл бағдарлама халықты шынайы жұмыспен қамту мәселесін түбегейлі шешуі қажет.
«Мәселен, тек өткен жылы ғана оңтүстік облыстарға 9 млрд. теңге, ал ағымдағы жылы шамамен 2,5 есе артық қаржы бөлінді. Дегенмен жұмысқа орналасқандар екі-ақ пайыз немесе 25 мың адам, жалпы еліміз бойынша 60 мың адам. Республикада барлығы 40 мың адам оқытылды. Ал жұмысқа орнасқандары олардың жартысы ғана. Яғни біз оларды оқытамыз, үміттерін оятамыз, ал одан кейін жұмыс бермейміз», - деді Н.Назарбаев.
Осы орайда Елбасы министрлік пен әкімдіктердің қызметін қатаң сынға алды. «Жергілікті жерлерде ешқандай бақылау жоқ. Министрлік пен әкімдіктер тарабынан толық бассыздық орын алуда. Назарларыңызды аударамын әрі Президент аппаратына осы екі пункттің қалай орындалып жатқандығы туралы баяндап тұруды бақылауды жүктеймін. Өйткені олар қарапайым адамдарға аса қажетті», - деді Мемлекет басшысы.