Елбасы Финляндия Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге, ал журналистерді еліміздегі жағдайды өз көздерімен көруге шақырды
ХЕЛЬСИНКИ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Президенті Тарья Халонен ханымды өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бұл ұсынысты ҚР Президенті бүгін Хельсинкиде өткен жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Өз кезегінде Тарья Халонен ханым Қазақстан басшысының бұл ұсынысын үлкен ризашылықпен қабыл алды. Сонымен қатар баспасөз мәслихатында Елбасы финляндиялық журналистерді Қазақстанға келіп, біздің халықтың қалай өмір сүріп жатқанын, біздегі еркіндіктің деңгейі қандай екенін, бұқаралық ақпарат құралдары қалай жұмыс істеп жатқанын өз көздерімен көруге, сондай-ақ біздегі жағдайды көрші мемлекеттерімізбен салыстыруға шақырды. «Содан кейін сіздер ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауға біз дайынбыз ба, жоқ па - білетін боласыздар. Менің ойымша, сіздердің жауаптарыңыз оң болады», деді Н. Назарабев финляндиялық журналистерге қаратып айтқан сөзінде. Елбасы қоғамды демократияландыруда Қазақстан 17 жылдың ішінде орасан зор табыстарға қол жеткізгенін атап көрсетті. Финляндияның тәуелсіздігіне 74 жыл толғанына, Қазақстан егеменді ел болғанына небәрі 17 жыл болғанына тоқталған Елбасы, «Финляндия әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің бірі. Мұнда жемқорлықтың деңгейі төмен, білім деңгейі өте жоғары. Біз осының бәріне қол жеткізгіміз келеді. Алайда, бұған 74 жылдың ішінде емес, мейілінше тезірек жетпекпіз», деді.