Елбасы ғарышкер А.Айымбетовті Астана әуежайында қарсы алды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әуежайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажымен кездесті.

Елбасы ғарышкер А.Айымбетовті Астана әуежайында қарсы алды (ФОТО)

Рекордсмен Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды.

Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға Қазақстан басшыларының салтанатты қарсы алу шарасына аттанды.

«Союздің» қонуын қамтамасыз ету жөніндегі іздеу-құтқару қызметіне 200-ге жуық әскери қызметкер, бортында арнайы жабдықтары бар 14 Ми-8 тікұшақтары, төрт Ан-12 және Ан-26 ұшақтары және 15 бірлік техника, сондай-ақ төрт жол талғамайтын іздестіру-көшіру машиналары қатыстырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Айдын Айымбетов 2 қыркүйекте ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш стансасына ұшқан болатын. Отандасымыз мұнда бірқатар ғылыми тәжірибелер, атап айтсақ экология, физика және медицина саласында зерттеулер жүргізді. Сондай-ақ, қазақ ұлттық тағамдарын ғарышкерлер рационына енгізу тәжірибеден өткізілді.

ХҒС сегментіне қазақстандық ғарышкердің ұшырылым бағдарламасын дайындауды Қазғарыш «Ұлттық ғарыштық зерттеу және технологиялар орталығы» АҚ-ға (ҰҒЗТО) тапсырылған. Бағдарлама басшысы, «ҰҒЗТО» АҚ президенті Жұмабек Жантаев қазақстандық ғарышкердің ұшырылымына келісімшартқа қол қойғаннан кейін ҚазАқпаратқа берген қысқаша сұхбатында Айдын Айымбетов ХҒС бортында он эксперимент орындайтынын айтқан болатын. Олардың ішінде табиғи-ресурстық және геофизикалық мониторинг бойынша зерттеу бар.

Айта кетейік, Айдын Айымбетов бұл сапарын Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ата заңымыздың 20 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына арнайтындығын айтқан болатын.