Елбасы халықтық ІРО бағдарламасының орындалмауына сын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтық ІРО бағдарламасының орындалмауына сын айтты.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, 2012 жылы халықтық ІРО бағдарламасы іске қосылып, тағы 5 компанияны қор нарығына шығару жоспарланды. Олар «Кегок», «Эйр Астана», «Қазтрансгаз», «Самұрық Энерго» және «Қазтеңізфлот» компаниялары.
«Біз мұны неге тоқтаттық, кім айта алады? Неге жүргізбедік, Өмірзақ Естайұлы?» - деді ҚР Президенті «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Ө.Шөкеевке қарата.
«Кегок» өткен жылдың күзінде-ақ дайын болған еді. Дегенмен, магистральді желіні капиталдан шығару мәселесі туындады. Ал олай болған жағдайда «Кегокта» қызықтырарлық ештеңе де қалмайды», - деді ол.
«Бір ай уақыт беремін, Үкіметпен бірлесіп ұсыныс әзірлеп, енгізіңдер», - деді Мемлекет басшысы.