Елбасы интернет арқылы белгілі ресейлік саясаткер Е. Примаковтың жолдаған сауалына жауап берді
А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін республикалық телеарналар бойынша өтіп жатқан тікелей желіде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев интернет желісі арқылы жолданған белгілі ресейлік саясаткер Евгений Примаковтың сауалына жауап берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өзінің бейне-сауалында Е. Примаков Мемлекет басшысынан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты сауал қойып, «Қазақстан төрағалығынан аталған ұйымның белсенді бола түсетінін күтетінін» атап өтті. «Сіз осы ұйымды жандандыра түсуге қатысты өз жоспарыңызбен бөлісе аласыз ба?», деді Е. Примаков.
Өз кезегінде Елбасы ресейлік саясаткерге қазақстандық мәселелерге қызығушылық танытқаны үшін алғысын жеткізді. «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ұжымдық тарап бойынша ұсынылған болатын. Сондықтан да бұл біз үшін құрметті орын. Қазақстан алғаш рет ТМД елдері, Азия және жалпы мұсылман әлемі арасында осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық ететін болады. Бұл шараға өте жауапты қарайтын боламыз. Менің Жарлығыммен осы бағытта жұмыс істейтін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Біз Еуропа мемлекеттері мен ТМД және Орталық Азия елдері арасындағы диалогты жандандыра түсуге күш саламыз. Сонымен бірге, ең бастысы, ЕҚЫҰ-ның негізгі өлшемі болып табылатын «үш корзинасының» дамуы үшін біздің де ұсынатындарымыз баршылық. Бұл «үш корзинаға» экономика, экология мәселелері, қауіпсіздік және адамзаттық өлшемдер жатады», деді Н. Назарбаев.