Елбасы Иорданияның сириялық босқындарға көмегін жоғары бағалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иорданияның сириялық босқындарға көмегін бүкіл әлм жоғары бағалауы тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла ІІ бен әл-Хусеинмен шағын құрамдағы келіссөздер өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сіз біздің дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 25 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Осы жылдардың ішінде өте сенімді достыққа негізделген қарым-қатынас орнаттық. Жоғары деңгейдегі кездесулердің қарқыны да жоғары. БҰҰ мен басқа да ұйымдарды қоса алғанда барлық халықаралық ұйымдарда ұстанымдарымыз бір. Иордания Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларына қолдау көрсетеді», - деді Елбасы шағын құрамдағы келіссөздер барысында.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иордания арасында ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қорғаныс салаларындағы өзара қарым-қатынас артып келе жатқанын баса айтып өтті. Сонымен қатар Иордания Королінің өңірдегі рөліне айрықша тоқталды.
«Қазіргі уақытта миллиондаған сириялық босқындардың Сіздің еліңізде болуын, мемлекетіңіздің мол қаражат жұмсап, гуманитарлық көмек көрсетуін бүкіл әлем бағалауы тиіс деп есептеймін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Иордания Короліне «Ядролық қарусыздану мен қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыс еткенін хабарлаған болатынбыз .