Елбасы ІТ саласындағы ойыншыларға кедергі жасамау туралы айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның заңнамасы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандырып, ғылыми зерттеулерді, әзірлемелер мен жаңа технологияларды енгізуді қолдауы қажет. Бұл туралы цифрландыру мәселесіне арналған республикалық кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының айтуынша, қаржы секторы алдыңғы қатарлы технологияларға барынша сезімтал келеді және қазірдің өзінде бұл салада цифрлық шешімдер қолданылуда.
«Мұнан ары да ол аталған процестің авангардында қалмауы тиіс. «Астана» ХҚО алдында жаңа қаржылық технологиялар мен құралдарды ілгерілету бойынша міндет тұр. Бұл орталық ЭКСПО-2017 базасында, осы жерде құрылады. Сіздерден осы жұмысқа көмек көрсетулеріңізді өтінемін», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ІТ саласындағы ойыншыларға кедергілерді алып тастау және олардың қызметтерін реттеуді жеңілдету қажетті жайында да айтты.
«Кедергілерді алып тастап, тиісті реттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Алайда біздің жағдайда кез келген жаңа мәселені өз арнасына түсіру үшін реттеу іс-шаралары қажет болады. Бөгет жасамай көмек көрсету керек. Қазақстанның заңнамасы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандырып, ғылыми зерттеулерді, әзірлемелер мен жаңа технологияларды енгізуді қолдауы керек. Егер қажет болғанда заңнамамызға сәйкесінше өзгертулер енгізген жөн», - деді Президент.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев киберқауіпсіздік мәселесін де ойластыру, ақпараттық жүйені лайықты деңгейде қорғау қажеттігін атап өтті.
«Біз мұнымен жан-жақты айналысумыз керек», - деді Елбасы.