Елбасы: Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына - индустрия мен инновация
АСТАНА. ҚазАқпарат - Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына - бұл индустрия мен инновация. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік
сарайында Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл ретте ғылымды өндіріспен ұштастырып, инновацияға ие болудың маңыздылығына тоқталды. «Сонда ғана біз мақсатымызға жететін боламыз», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы Үкімет индустрияландырудың бірінші бесжылдығында барлық шараларды атқарғанын, алғышарттар толық қалыптасқанын, Парламент тарапынан заңдар қабылданғанын да жеткізді.
«Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығының нәтижелерін көріп отырсыздар. Қаншама мың жұмыс орындары ашылды. Соның ішінде ол жұмыстар қандай? Мәселен, тепловоз жинайтын еңбектің өнімділігі жүз мың доллар болса, кетпенмен жұмыс істейтіннің өнімділігі - 5 доллар. Айырмашылық, жалақысы қандай? Сондықтан да, біз жаңа ел боламыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз дегенде тек осы бағытты айтқан болатынбыз. Бұнымен қоса, шағын және орта бизнес ұлғаятын болады», - деді Н. Назарбаев.