Елбасы Қазақстан әйелдерін алда келе жатқан мерекелерімен құттықтады

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерін алда келе жатқан 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады.

Елбасы Қазақстан әйелдерін алда келе жатқан мерекелерімен құттықтады

«Шуақты көктем ана мен асыл жар, аяулы қарындастың мейрамымен басталады. Сондықтан мен әуелі баршаңызды алдағы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, баянды бақыт, дүниедегі бар жақсылықты тілеймін»,-деді Н. Назарбаев бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінде сөйлеген сөзінде.

Президент Қазақстанның әйелдері отбасы берекесін сақтаумен бірге Тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келе жатқанын айрықша атап көрсетті. «Сіздер отбасындағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтаушысыздар, сонымен бір мезгілде еліміздің Тәуелсіздігінің нығаюына айтарлықтай үлес қосып келесіздер. Бүгінгі съезд соның жарқын дәлелі», - деді Елбасы.

Президент ел игілігі үшін істеп жатқан ерен еңбектері үшін әйел азаматтарға алғысын білдірді. «Қазақстан әйелдері бүгінде Ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын қалыптастыруда, бұл үлес тұрақты түрде өсіп келеді. Әйелдер мемлекеттік басқару жүйесінде де жұмыс істеуде, оннан астам әйелдер министрліктерді басқаруда, жүзден астамы депутат болды, мен осы әйел азаматтардың ел игілігі үшін берген кеңестеріне ризашылығымды білдіремін», - деді Н. Назарбаев. «Біз жақында жетінші қысқы Азия ойындарындағы жарқын жеңістің куәсі болдық. Біздің құраманың Азиадада жеңіп алған барлық медальдарының 40 пайызы қыздардың үлесінде», - деді Президент.