Елбасы Қазақстан мемлекетін барша әлемге мойындатқан тариxи тұлға - депутат Жайылғанова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутат Анар Жайылғанова Тұңғыш Президенттің мәртебесін Конституцияда бекіту жөніндегі ұсынысты қолдағандардың бірі.

Елбасы Қазақстан мемлекетін барша әлемге мойындатқан тариxи тұлға - депутат Жайылғанова

"Әріптестерімнің айтқан ұсыныстарына тоқталғым келеді. Мен Тәуелсіздікпен бірге Тұңғыш Президент - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесіне қатысты Конституцияның 91-бабы 2-тармағына енгізілетін өзгерістерді қолдаймын. Себебі Елбасы Қазақстан мемлекетін xалықаралық қауымдастық алдында шекарасын мойындатқан тәуелсіз ел ретінде танытты, осылайша бабаларымыздың бағзы замандардан келе жатқан арманын орындады. Елбасының қайтпас қайсарлығының арқасында біздің мақтанышымыз - Астана пайда болды. Сондықтан мен бұл ұсынысты қолдаймын және өз әріптестерімді де бұны қолдауға шақырамын", - деді Жайылғанова.

Сонымен қатар ол Конституцияда Президенттің Ішкі істер министрін тағайындау өкілеттігін қалдыруды ұсынды.

"Конституцияның қазіргі редакциясы бойынша қорғаныс, ішкі істер, әділет және сыртқы істер министрлерін Президенттің өзі тағайындайды. Ал конституциялық өзгерістерге сәйкес, әділет және ішкі істер министрін алып тастап, тек сыртқы істер мен қорғаныс министрлерін қалдыру ұсынылып отыр. Жарайды, әділет министрін тағайындауды Мемлекет басшысының құзыретінен шығаруға болады. Ал ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздік сияқты стратегиялық жұмысын ескере отырып, оны тағайындау мәселесін Президентке қалдыру қажет деп санаймыз. Неге? Себебі Президент Конституция бойынша Қазақстан Республикасы азаматтары қауіпсіздігінің кепілі болып табылады. Ал Ішкі істер министрі сол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Президент еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы екені аян. Ал Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланға басшылық ететін әскерилендірілген ұйым болып табылады", - деді депутат Анар Жайылғанова.

Оның айтуынша, Парламентке есеп беретін Үкімет, абыройлы да жауапты Парламент және заң үстемдігі мен әділдікті қамтамасыз ететін Сот билігі қажет.

"Сот төрелігінің жүзеге асуы және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау әділ, заңды, сондай-ақ созбалаңсыз болуы қажет. Сондықтан Ата заңымыздың 81-бабына осы маңызды жағдайды іске асыратын өзгеріс енгізілуде. Оған сәйкес біздің адамдарымыз өз құқықтарын қорғауда соттың үш сатысынан ғана өтеді, яғни әр адамның құқығын сот арқылы қалпына келтіру оңтайландырылады.

Ал Конституциялық Кеңестің құзыреті кеңейтілуде. Бұл толықтырудың маңызы өте зор, өйткені қолданыстағы Конституция нормаларына сай, күшіне енген заң және өзге де құқықтық актілер сот қарауының шеңберіне түскенде ғана, 78-баптың тәртібінде Конституцияға сәйкестігі тексерілетін. Ал осы түзету қабылданған жағдайда, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау конституциялық жаңа жоғары деңгейге көтерілетіні сөзсіз.

 «Реформалар бағдарламасы  ол Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалға біздің жауабымыз. Демократиялық даму жағына қарай. Жауап айқын әрі дәйекті», - Елбасының осы сөзімен өз ойымды түйіндеймін. Заң жобасын толығымен қолдаймын және әріптестерімді оны бірауыздан қолдауға шақырамын", - деп түйді сөзін депутат.