Елбасы «Қазақстан» телеарнасына қыркүйектен бастап хабар таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіруді тапсырды

АНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» телеарнасына биылғы жылдың қыркүйегінен бастап хабар таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіруді тапсырды.

Елбасы «Қазақстан» телеарнасына  қыркүйектен бастап хабар таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіруді тапсырды

«Тілдерді дамытуда БАҚ рөлінің маңызы өте жоғары деп білемін. Мысалы, бүгінде балаларға арналған «Балапан» телеарнасы қазақ тілінде хабар таратуда. Мен «Қазақстан» телеарнасына биылғы жылдың қыркүйегінен бастап хабар таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіруді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы кеше «Ақордада» республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Н. Назарбаев сұхбат беру барысында мемлекеттік тілді дамытудың маңызды міндет болып табылатынын айтты. «2009 жылғы деректер бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 64,4 пайызға дейін көбейген. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақстандықтардың саны 95 пайыздан кем болмауға тиіс. Бүгінде Қазақстанда оқыту үдерісі қазақ тілінде жүргізілетін 1178 балабақша мен орталықтар жұмыс істейді. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің саны 3821-ге жеткен. Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», - деді Президент.

Президент қазақстандықтарға кемінде үш тілді - мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің қажет екенін атап айтты. «Үш тілді білу біздің болашағымыз үшін қажет. Әлем барған сайын жаһандана түсуде, келешек ұрпаққа үлкен тілдік орталарға бейімделе білудің маңызы зор», - деді Н. Назарбаев.