Елбасы: Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын саясиландыруға қарсы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын саясиландыруға қарсы. Бүгін Ресейдің «МИР 24» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
Сұхбат барысында арна тілшісі: «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысу Қазақстан үшін қаншалықты тиімді?» деген сауал қойған болатын.
«Жан-жақты тиімділік бар. Біріншіден, жалғыз тұрғаннан гөрі ұжым болып қорғану қашанда оңай, бұл факт. Екінші, бұл нағыз қалқан, әуедегі қауіпсіздікті осы арқылы қорғап отырмыз», - деді Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы Ұйымның бір отырысында мемлекеттердегі киберқауіпсіздік мәселесі де талқыланғанын жеткізді.
«Осының бәрі Қазақстанға пайдалы, Қазақстанға ғана емес, бәрімізге де. Әрине, бәлкім біздің Ұйым әлі де жемісті әрекеттерге жете алмай жатқан шығар, алайда басты мақсат - ол біздің жазған стратегиямызда айқын көрініп отыр, біз іс жүзінде дұрыс мәселелермен айналысып келеміз», - деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте тілші ҰҚШҰ-ын басқа да саяси блоктармен салыстырып жататынын тілге тиек ете келе, «егер НАТО-мен салыстырсақ, оның айырмашылығы немесе ұқсастығы неде?» деп сұрады Президенттен.
«Ешқандай да ұқсастық жоқ. НАТО «қырғи қабақ» кезеңінде, идеологиялық текетірес үшін құрылған. Өкінішке қарай, ол сол кезден бері өзгерген емес, оған қарсы ұжымдық шарт та, Варшава келісімі де болды, оның бәрі саяси текетірес еді. Ал бізде бұндай мақсат жоқ, біз әрқащан ҰҚШҰ саясиландыруға қарсы шығып келеміз. Ұйым біздің өңірдегі мәселелерді, қатерлерді шешеді, ондай қатерлер баршылық. Сондай қатерлерді ұжымдасып жеңу үшін ҰҚШҰ қызметіне жүгінуге тиіспіз. Сондықтан да, Ұйымды қайдағы бір жаққа «айдап салудың» қажеті жоқ. Қазақстан бұндайға қарсы, мен Ұйымның басқа мүшелері де осындай ұстанымда деп ойлаймын», - деді Н. Назарбаев.