Елбасы қазақстандық бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанадағы "Думан" ойын-сауық кешенінде Қазақстан Президентінің атынан ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі өтті.
Елбасы балаларды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен бейнежолдау арқылы құттықтады.
«Қымбатты, балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық баланы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толғанын білесіздер, сондықтан, бұл жыл баршамыз үшін айрықша жыл болды. Тәуелсіздік арқылы біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерелі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, Президенттің балаларға арнаған жаңажылдық бейнеқұттықтауын, елдің барлық өңірінде бір уақытта өтетін «президенттік шыршалар» барысында бірмезгілде қосу дәстүрге айналды.
Астаналық бүлдіршіндер үшін мерекелік қойылым өтетін орын кездейсоқ таңдалмады. "Думан" ойын-сауық кешені теңізден мыңдаған қашықтықта орналасса да алып океанариумы бар нысан ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Кешен кішкентай балалар үшін жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер орны.
Шырша мерекесіне қатысушылар әртүрлі халықтардың өкілдері мен ертегі кейіпкерлерінің көмегімен байқаулар, жұмбақтар, би мен тосын сыйлар арқылы бақыт формуласын тапты. Балалардың тапқан бақыт формуласы - «Тәуелсіздік алтын бесігім» деп аталды.