Елбасы қазақстандықтарға қандай кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан  VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға өмірлік кеңес берді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы қазақстандықтарға қандай кеңес берді

«Біз анау жетпейді, мынау жетпейді деп үнемі шағымданамыз. Егер өмір сүру тым қиын болып бара жатса, ауруханаға бар. Тіпті болмай бара жатса, зират арала. Ол жақта жатқандардың халі саған қарағанда әлдеқайда жаман. Біздің аяқ-қолымыз сау, бірақ жағдай жаман, оған ештеңе істей алмаймыз деп шашымызды жұламыз... Өмірде бәрі де мүмкін. Өзіңді қолға алып, жұмыс істеуге мәжбүрле. Міне, барлық мәселе осында. Жастарды да осыған үйретуіміз керек», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасап, халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсетіп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына ризашылық білдірді.

«Азаматтық қоғам да жетім балаларға, жалғызбасты, ауру және қарт адамдарға қамқор болуы тиіс. Ешкімі жоқ, жалғыз қалатын адамдар да бар. Олар тіпті нан алу үшін дүкенге де бара алмайды. Олармен кім айналысады? Әлеуметтік қызметтер мұндай адамдарды біліп, қалай өмір сүріп жатқанын қадағалап отыруы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ешкімі жоқ, жалғызбасты  адамдарды қарттар үйіне орналастыру не болмаса оларға қамқорлық танытуды еріктілерге тапсыру қажеттігін айтты.