Елбасы: Қазақстанның бәсекелестікке төтеп бере алатын басты ерекшелігі - кен байлығы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекелестікке төтеп бере алатын басты ерекшелігі - кен байлығы. Бұл туралы еліміздің жетекші телеарналар журналистеріне берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қазақстанның мұнайы, газы, түсті және қара металдары, басқа да минералдары ең бірінші байлығы, екінші - біздің кең даламыз, онда өсетін астық пен мал. Қазір біз дүние жүзінде ұн сатудан бірінші-екінші орындамыз. Уран бойынша да бірінші-екінші орындамыз. Хром сатуда ең үздік елдердің арасындамыз. Біздің ерекшеліктеріміз қазіргі уақытта - осы», - деді Мемлекет басшысы. Мұнымен қатар, Президент еліміз болашақта қандай бағытта даму керектігін тілге тиек етті. «Біздің индустрияландыру бағдарламасын, өңдеу өндірісін шығарып отырғанымыз неліктен? Болашақта басқа да тауарларды сыртқа шығаруымыз қажет. Ауыл шаруашылығына келер болсақ, біз бидайды өңдеп, тек бидай мен ұнды ғана сатпай, нанды да, кеспені де, басқаны да шетелдерге шығаратын болсақ, ал етті жай ет түрінде ғана сатпай, неше түрлі шұжықтар мен ет тағамдарын жасап сататын болсақ; киім тігетін болсақ; өндірісте неше түрлі машиналар жасайтын болсақ, сонда ғана пайда көреміз. Сондықтан, индустриялық бағдарламада ең алдымен мұнай мен газды өңдеу зауыттарын салу керек», - деп түсіндірді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгіннің өзінде елімізде құрастырылған автокөліктер, тепловоздар экспорттала бастады. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасымен бірлескен 15-20 шақты зауыттар салуға келіссөздер жүргізіліп жатыр және олардың барлығы өңдеу өнеркәсібі саласында болмақ.