Елбасы: Қазақтың нағыз тарихын жазып шығу зиялы қауым, ғалымдардың құзырында болуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың нағыз тарихын жазып шығу зиялы қауым, ғалымдардың құзырында болуы керек. Бұл туралы бүгін отандық телеарналарға сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Елбасы: Қазақтың нағыз тарихын жазып шығу зиялы қауым, ғалымдардың құзырында болуы керек

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мемлекеттің қолдауымен Қазақстан бойынша 700 іс-шара өткізілгенін атап өтті. «Осында да үлкен жиын өткізіп, мен баяндама жасадым. Таразда болдық. Барлық облыстарда болды. Елдің, жастардың санасына біздің осындай тарихымыз бар екендігін сіңірдік. Ал енді ары қарай зиялы қауым жалғастыруы қажет. Тарих жылы деп көп нәрсені жинадық қой, дүниежүзінің бәрінен, сол жерден барып таптық осының бәрін. Біздің бір кемшілігіміз барлық тарихымыз таңбадай басылып, қағазға түсірілмеген. Ауыз екі әңгімемен келе жатырмыз. Соның барлығын өңдеп, қазақтың нағыз тарихын жазып шығу зиялы қауым, ғалымдардың құзырында болуы керек деп санаймын», - деді ҚР Президенті.