Елбасы: Қазір мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды

«Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметтің реформасын біз алғашқы заңнамалық акт - Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығы қабылдануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асыра бастауымыздың нышандық мәні бар. 1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өту маңызды. Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік. Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды»,-дейді Елбасы.
Бұл тұрғыда Президент өзінің Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында - Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылғанын еске салып өтті.
«Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады.Міне, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң осындай ұстанымдарға негізделсе, оның өзі халықаралық стандарттарға бағдарланған және жаңа жылдан бастап күшіне енді»,-деп атап өткен Мемлекет басшысы.