Елбасы кітапханасында «Бейбітшілік және мейірімділік симфониясы» атты көрме ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында «Бейбітшілік және мейірімділік симфониясы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-шара «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» қоғамдық қоры жүргізген балалар шығармашылығы байқауының нәтижесі бойынша ұйымдастырылған. Аталмыш көрме мен сайыс Астананың 20 жылдығы мен «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» қоғамдық қорының 20 жылдығына арналып отыр. Елбасы кітапханасы мен Білім беру қорының серіктестік туралы меморандумы аясында бұл көрме - алғашқы шара екенін айта кету керек.
«Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сомдаған бүгінгі Астана жай ғана, елорда, мегаполис қана емес, бүгінгі Астана - республиканың киелі құндылығы, бейбітшілік қаласы. «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» қоғамдық қорын таланттарға қамқоршы қоғамдық қор деп атар едім. Өйткені, Елбасымыз жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген бәсекеге қабілеттілігі дамыған мемлекет болуды болашаққа іске асыратын алдыңғы қатарлы жастарымыз. Міне, бүгінгі көрмеміз - «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қорының» игі істерінің айғағы іспеттес. Олай болса еңбектеріңізге шығармашылық, табыс тілейміз», - деді көрменің ашылуында», - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Өз кезегінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ғайша Сыздықова аталмыш қор 20 жыл бұрын Президенттің бастамасымен ашылғанын атап өтті.
«Бүгін күн де жарқырап, барлық жас қатысушыларға Астана құшағын жайып тұр. Бүгін біздің жас суретшілердің жарқырайтын күні. Олармен бірге ата-аналары да, мұғалімдері де көрмеге қатысуда. Осында көрсетілген шығармашылық жұмыстар біздің мектептегі білім беру бағдарламарының айқын жемісі деп айтар едім. Байқау осы жылдың ақпан айынан басталған еді. Студенттер де, мұғалімдер де байқау идеясына терең қаныға білді. «Бейбітшілік және мейірімділік симфониясы» деп байқаудың атауын біздің студенттер ұсынған еді. Біздің балабақшалар мен мектептерде осы туындылардың шағын көрмелері ұйымдастырылды. Балалар мен студенттердің туындыларын іріктеу біздің төрешілерге оңайға түспегенін айта кету керек», - деді Ғайша Сыздықова.
«Бейбітшілік және мейірімділік симфониясы» көрмесіне Қор филиалдары мен студенттері, Алматы қаласындағы №1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің төрт жүзден астам жұмысы ұсынылған. Жас жеткіншектер шығармаларын кескіндеме, коллаж, мозайка, шыныға жазу, квиллинг, батик секілді түрлі аралас, көркем және қолданбалы техникаларда орындаған.
Байқауға ұсынылған жұмыстарға Елбасы кітапханасының қызметкерлері, Астана қаласындағы ЮНЕСКО клубы - Балалар көркемсурет мектебінің, Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің өнертанушылары баға берді. Осының нәтижесінде 3-18 жас аралығындағы балалардың 150 туындысы таңдалып алынған.
Шара барысында еңбектері үздік деп танылған жас суретшілер әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Жас суретшілердің айтуынша, шығармашылық жұмыстар олардың ішкі жандүниесін, өмірге деген көзқарастарын бейнелеп, еліміздегі бірлік пен келісімді, бас қаламыз - Астанаға деген мақтаныш сезімін суреттейді. Көрмеге қатысқан балалар бойларындағы қабілет пен дарынды, эстетикалық талғамды дамытуға осылай мүмкіндік алып отыр.












