13:10, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Елбасы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау қызметкерлері бәрін жасауы тиістігін айтты
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары қазіргі қиын кезеңде қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін жасауы тиістігін қадап айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Барлық құқық қорғау қызметкерлеріне айтарым, біздің қалаларымыз бен ауылдарымыздың көшелеріндегі тыныштық сіздерге байланысты. Қылмыспен, жемқорлықпен, алаяқтықпен, заң бұзушылармен қатаң түрде күресу қажет. Осындай қиын кезеңде біздің адамдардың, тұтастай қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін жасау қажет», деді Мемлекет басшысы. Елбасы мұндай кезеңде ұрлық-қарлық, пәтер тонау, көше қылмыстары өрши түсетіндігін атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау органдарының, жол полициясы қызметкерлерінің атына айтылып жатқан сын көп екеніне тоқталған Президент, «қиын кезеңде халықпен бірге екендеріңізді дәлелдеңіздер. Өздеріңіздің жаман әдеттеріңізді тастаңыздар. Осы кезеңде халыққа қызмет ететіндеріңізді дәлелдеңіздер», деді.