Елбасы қолынан үздік диплом алған күн
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Елбасының қатысуымен Назарбаев Университетінің алғашқы түлектерінің оқу бітіру рәсіміне арналған салтанатты шара өтті.
Назарбаев Университеті - Елбасының төл жобасы. Әлемнің дамыған елдері ең алдымен өздерінің әйгілі университеттерімен мақтанады. Ол университеттерде білім алған мамандар төрткүл дүниенің қай тарабында болмасын жоғары сұранысқа ие. Сапалы білім, білікті маман - заман талабы. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы:
- Бүкіл Қазақстанымыздың өміріне жоғары білім флагманы - біздің тарихымыздағы алғашқы әлемдік деңгейдегі ғылым-білім орталығының бірінші түлектері қосылайын деп отыр. Біздің еліміз жастардың жаңа толқынына, жан-жақты дайындалған білікті мамандарға ие болайын деп отыр. Біздің Ұлт Жоспары негізінде мемлекетімізді жаңғырту бағытында терең қайта құруларға кіріскен қазіргі сәтімізде бұл тіпті ерекше маңызды бола түседі, - деп Назарбаев Университетінің құрылуы арқылы Астанада жаһандық білімнің қуатты көзінің пайда болғандығын атап өтті. Иә, Назарбаев Университеті - еліміздің беткеұстар жоғары оқу орны. Университет қазіргі заманның ең озық технологияларымен жабдықталған. Ғылым мен білімнің заманауи үлгілері, инновациялық технологиялар да - осында. Оқу орны ең алғаш 2010 жылы құрылған болатын. Көзді ашып-жұмғанша алғашқы түлектері де қанат қағып отыр. Енді олар еліміздің әр саласында жемісті қызмет етіп, мемлекетіміздің іргетасын нықтай түседі. Қазіргі уақыт әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алатын жас мамандарға зәру. Мұндай талаптарға, сөзсіз, Назарбаев Университетінің түлектері жауап беретіні айқын. Өйткені университетті құрудағы о бастағы мақсат та осы еді ғой - әлемдік көштен қалмай, дамыған озық мемлекеттердің кадрларымен иық теңестіре алатын мамандарды өзімізде даярлау. Заманға өте-мөте қажетті компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, роботты техника және мехатроника, білім беруді басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия, құрылыс инженериясы және тағы басқа мамандықтарды елімізде Назарбаев Университеті оқытады. Ендігіде мектеп түлектері шетелде берілетін білімге қызығып, шарқ ұрмайды. Мұндай мүмкіндік Елордамызда жасалған. Студенттер мен оқытушылар университеттегі жасалған жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, күш-жігерлерін елдің бұдан әрі даму жолына жұмсайтындарын жеткізді. Сөзін аяқтай келе, Мемлекет басшысы үздік түлектерге диплом табыстады. Елбасының қолынан үздік диплом алғандар қатарында Әлия Жақсиева, Айсұлу Айтбекова, Анар Қасымова, Әділет Өтемісов, Темірлан Сейдахметов, Жанар Шоқаева, Айжан Темірбаева, Алтынай Дүйсенбекова, Валентина Винокурова және басқалар болды. Сөз кезегін алған Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің түлегі Қазыбек Әубәкіров былай деді: - Біздер Қазақстанның бақытты жастарымыз. Бізге жақсы білім беруге жандарын салып жұмыс істеген университет президенті Шигео Катсу мырза бастаған барлық оқытушылармен қатар, қолайлы жағдай жасаған әкімшілік қызметкерлеріне де үлкен рақмет. Біз сіздердің әлемге жіберіп отырған елшілеріңізбіз. Біз университет қабырғасында жүріп, ғылыми жұмыстармен шұғылдану мүмкіндігіне ие болдық. Жүрек ауруларын айқындап емдеуге арналған жаңа технологиялық құралды ойлап таптық. Енді ол өндірістік негізде шығарылатын болады. Құралда міндетті түрде «Қазақстанда жасалған» деген сөз тұрады. Сөйтіп, Назарбаев Университеті оның қабырғасында жүріп-ақ кәсіптік тұрғыдан дамуымызға жақсы қолайлы жағдай туғызды. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Біз жастарға сенеміз!». Олар Назарбаев Университетінде алған терең білімдері арқылы Қазақстанның атын әлемге әйгілей түсіп, ғылыми жаңалықтарды ашуда алдарына жан салмайтын кәсіби маман болады деген ойдамыз. Өйткені Елбасы оларға: «Елді дамытып, халықты бақытқа, бақ-берекеге жеткізу ісі сіздерге жүктеледі» деп зор сенім білдірді. Сенімді ақтау - жастардың қолында!