Елбасы: Конституция бойынша менің қызметім - оны орындау
Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Астана қаласы мектептерінің оқушыларымен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сіздер Конституцияны біліп, құрметтеулерің керек. Атап айтқанда, қазір істеп жатқан жұмысымыздың барлығы Конституциядан шығады, мен де Ата заңға бағынамын. Конституция бойынша менің қызметім - оны орындау. Сондықтан Ата заң деген басшылық пен халықтың арасындағы өзара келісім», - деді.
Ата заңды қабылдау алдында дүниежүзі өркениеттеріне, ғаламдануға сай болу, іргесі бекем мемлекетке айналу секілді басты талаптар ескерілгеніне тоқталған Елбасы, «еліміз Конституциясын қабылдаудың арқасында кейінгі 10 жылдың ішінде экономикамыз 8 есе өсті. Халықтың әл-ауқаты да артты. Ата заңды қабылдау кезінде Қазақстанда қазақтың саны 41 пайыз ғана болатын. Қазір 65 пайызға жетті. Біз сырттан 1 миллионнан астам қандастарымызды шақырып, тиісті жағдай жасадық. Осы жылдардың ішінде халықтың саны 16 миллионнан асып түсті», - деді Елбасы.