Елбасы қожайындары міндеттемелерін орындамай отырған энергостансыларды мемлекеттің меншігіне қайтаруды тапсырды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке қожайындары міндеттемелерін орындамай отырған энергостансыларды мемлекеттің меншігіне қайтаруды тапсырды.
Президент бұл тапсырманы бүгін Ақордада Үкімет мүшелерінің және әкімдердің қатысуымен өткен индустриялық дамуға қатысты кеңесте берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздегі электр стансылары, жылу нүктелері жеке меншіктің қолында, тапқан пайдаларын олар қалталарына басуда. Олар электр энергиясын өндіретін қуаттарды сатып алған кездерінде оларға инвестиция салуға уәде берген болатын. Осы жылдар ішінде олар сол нысанға қандай инвестиция салғанын тексеру қажет. Инвестиция салмады ма, яғни келісімшарттарды орындамады деген сөз, оларды мемлекетке қайтару қажет», деді кеңесте Н. Назарбаев.
Елбасы энергияны үнемдеуші ұйымдардың көрсететін қызметтері тарифтері өсімін мемлекет тоқтатып қоя алмайтынын атап көрсетті. «Егер біз бәрін бүлдіргіміз келмесе, онда бұл істі жалғастыратын боламыз. Алайда, барлығы мынаны ұғынуы тиіс: тарифтер жайдан-жай өсірілмейді. Егер біз жылудың, электр энергиясының дер кезінде берілгенін қаласақ, біз стансылар мен желілерді жөндеуіміз және оған жаңа технологияларды әкелуіміз керек», деді Елбасы. «Электр стансыларының жұмысы тоқтап қалмас үшін біз тарифтерді көтеруге мәжбүр болып отырмыз деп халыққа тура айтыңыздар», деді Президент әкімдерге қаратып айтқан сөзінде.