Елбасы қызығып оқитын кітаптары туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің жетекші телеарналар тілшілеріне берген сұхбаты барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің соңғы уақытта оқыған кітаптары туралы айтты.

Елбасы қызығып оқитын кітаптары туралы айтты

«Біздің бала кезімізде ауылдың мектебінде кітап аз болатын. Ол кезде компьютер, интернет деген жоқ, тек қана кітап оқитын едік. Сол кезде Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін», Бейімбет Майлинның кітаптарын шетінен оқитынбыз. Қазір кітап теңіз. Қайсысын таңдап оқитыныңды да білмей қаласың. Кейде кітапты оқитын уақыт та жоқ. Дегенмен, бұдан кетуге болмайды. Оқу керек. Ал менің қазіргі оқитын кітаптарыма келсек, ол негізінен экономикалық жағдай жөнінде», - деді Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, Елбасы өзінің келешекте не болатынына қызығатынын да айтты.

«Соған байланысты Еуропалық банктің президенті болған, мен танитын Жак Атталидың «Болашақтың қысқаша тарихы» деген кітабы бар, соны оқып шықтым. Онда қазіргі жағдай зерттеліп, жаһандық заманның ғылым мен өнердің өркендеуі арқасында өмірдің өзгеретіні жазылады. Мен сондайды біліп отырғым келеді, көбірек оқимын. Сосын бұрынғы президенттерге үңілемін, соларды көбірек оқимын. Себебі бұның ішінде бізге керектілері жетерлік. Сосын жақында Смағұл Елубаевтың кітабын оқыдым, оны бұрындары да қарап жүруші едім. Бір кездесуімде Әбдіжәміл Нұрпейісов осы кісінің кітабы жақсы деп соны оқуға кеңес берген болатын. Соны оқыдым. Сосын Нұрпейісовтің өзінің «Соңғы парыз» деген кітабы да бар. Оны да оқып шыққанмын. Мен Смағұл Елубаевтың кітабы сол Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен теріне» еліктегені болар деп ойладым. Екеуі де жақсы шыққан роман», - деді Н. Назарбаев.

«Кітап көп, бәрін оқып шығу мүмкін де емес тәрізді», - деді Елбасы.