Елбасы мақаласы әрбір азаматқа ой салады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халыққа ой салатын, болашаққа сенімін нығайтатын келелі, бағдарламалық мәнді туынды.
None
None

Халық жеке адамнан құралады десек, оның рухани жаңғыруында жеке адамның орны, үлес салмағы ерекше болмақ. Сондықтан да бұл мақаланы Қазақстанның әрбір азаматы жеке оқып, санасына сіңіріп зерделеуі және соған сәйкес өз мақсат-міндетін айқындауы, ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс деп білемін. Әсіресе, мемлекет құрушы және ұлан-байтақ жерімізде өзге ұлт өкілдерінің жарасымды өмір сүруіне, дамуына кепілдік жасап отырған қазақ халқының мойнында үлкен жауапкершілік жүгі бары анық.

Елбасы айтқандай, «Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды». Және бұл өзгеріс көз алдымызда, өте жылдам шапшаңдықпен жүзеге асуда. Әр алуан технологияның қарыштап дамып бара жатқаны сондай, бүгінгі бар нәрсе ертең көнеге айналып, орнына жаңа үлгі пайда болады. Онымен ілесіп, жаңарып отыру оңай емес. Бірақ қажет, уақыт сондай, әлемдік орта, талап солай. Бәсекелестікке төтеп бере алмасаң, ұтылып қана қоймайсың, қатардан шығып қаласың. Жаһандану иіріміне жұтылып кетуің де ықтимал. Қазіргі уақыттың қатал талабы, қатері солай болып отырған соң да ел, ұлт, халық өзін сақтап қалуы үшін алды-артын әріден ойлап, өз-өзіне сын көзімен қарап, жақсы қасиеттерін дамытып, жаманынан арылуы және уақыт талабына бейімделуі аса керек.

Елбасының мақаласында осы жай жан-жақты пайымдалған, тек пайымдалып қана қоймай, халықтың, оның жеке тұлғаларының, билік басындағыларының атқаратын міндеттері мен қызметтері, жауапкершілік жүгі көрсетілген. Бұдан бүгінгі кәрі де, жас та сырт қалмауы қажет. Өз-өзімізге сын көзімен қарап, өзгенің емес, өзімнің міндетім, азаматтық борышым деп ұғатын кез келді. Мақалада ұлттың рухани жаңғыруында екі мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Бірінші - ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтыны айтылады. Екінші - алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажеттігіне назар аударылады.  Елбасы мақалада ұлттық код деген мәселеге жақсы анықтама берген.

«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп жазады Елбасы.  Бұл ойда терең мән-мағына бар. Ұлттық кодтың басында, біздіңше, ең алдымен тіл мәселесі тұрады. Өйткені, тіл - ұлттың жаны. Тіл заман талабына сай жаңғыруы, дамуы тиіс. Ал ол өздігінше жүзеге аспайды. Бұл халықтың өз жауапкершілігіндегі аса үлкен мақсат. Тіл отбасынан басталып, азаматтың, халықтың бүкіл ғұмыр бойында дамуы, қанатын жаюы қажет деп білеміз. Әр маман өз саласында мемлекеттік тілге - қазақ тіліне зор құрметпен, патриоттық сезіммен қарауы қажет. Сонда ғана ол мемлекеттік қарым-қатынас құралына, ғылым мен техника, мамандық тіліне айналады.

Қазір, ең қуаныштысы, кәсіпкерлікке кең  жол ашылды. Халық та осы бағытқа бет бұрып отырған сияқты. Бұл өте жақсы нышан. Дегенмен мұнда да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған көптеген сындарлы ойларды зерделеп, іштей таразыға салып, күнделікті шаруамызда басшылыққа, межеге алуымыз қажет. Елбасының бұл мақаласы көп ойларға жетелейді. Біз тек соның бір парасын ғана ортаға салып отырмыз.

 

Соңғы жаңалықтар