Елбасы: Малайзия Премьер-Министрінің Қазақстанға сапары екі елдің ынтымақтастығына жаңа серпін береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Малайзия тәжірибесіне еліміздің жастарын оқытуға мүдделіміз. Бұл туралы бүгін Ақордада Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Разакпен болған келіссөзден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Екі елдің дамуы мен өркендеу тарихы ұқсас. Көп ұлттылығы, ішкі мәселелерді шешуі, сыртқы қарым-қатынасы өте ұқсас болып келеді. Сонымен қатар экономикамызда да ұқсастығымыз бар. Сондықтан ынтымақтастықты дамытуға, Малайзияның тәжірибесін үйренуге, шенеуніктер мен жастарды Малайзияда оқытуға біз мүдделіміз», - деп тоқталды Н.Назарбаев.
Мұнымен қоса Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы болашақтағы қарым-қатынастар жөнінде кеңінен пікір алмасу болғанын, сондай-ақ дүниежүзіндегі ахуал жағдайы талқыланғанын жеткізді.
«Малайзия Премьер-Министрінің осы сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа жаңадан жол ашып, жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - түйді Президент.