Елбасы Мәскеудегі Қызыл Алаңда Жеңістің 65 жылдығына арналған шеруге қатысады - О. Савченко
аурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Мәскеудегі Қызыл Алаңда Жеңістің 65 жылдығына арналған шеруге қатысады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы арасындағы ынтымақтастық туралы Палатааралық парламенттік комиссияның сегізінші отырысының ашылуы барысында журналистерге берген сұхбатында комиссияның тең төрағасы РФ Дума депутаты Олег Савченко осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«65 жыл бұрынғы Ұлы Жеңіс бұл бір ғана мемлекеттің жеңісі емес, үлкен біртұтас халықтың, достас халықтардың жеңісі. Жалпы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына қатысты атқарылатын шаралар бүгінгі парламентаралық комиссия талқылайтын маңызды мәселелердің бірі болып табылады», деп атап өтті Дума депутаты. Сонымен бірге, ағымдағы жылғы Жеңістің 65 жылдығы мерекесінің екі мемлекет үшін маңызына тоқталған О. Савченко, бұған РФ мен Қазақстан басшыларының да аталған шараға үлкен мән беріп отырғанын жеткізді. «Дәстүрлі түрде Мәскеуде Қызыл алаңда өтетін Жеңіс шеруіне көптеген мемлекеттің басшылары қатысып келеді. Ал биылғы жылы Қазақстан Президенті Н. Назарбаев осындай шеруге қатысуға алғашқылардың бірі болып келісімін беріп отыр. Бұл біз үшін аса маңызды шара», деді О. Савченко.