Елбасы мен Тәуелсіздік - егіз ұғым - Е. Тоғжан
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы мен Тәуелсіздік - егіз ұғым. Бүгін елордада Тұңғыш Президент күніне арналған Халықаралық Бейбітшілік пен келісім конференциясы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан осылай айтты.
«Қысқа мерзім ішінде дүйім жұрттың әлеуметтік жағдайын өрге сүйреп, тамырын тереңге тартқан рухани-мәдени тілдік қажеттілікті тұғырына келтіре білген, ал Тәуелсіздіктің қиын-қыстауында халыққа қалқа, елге ықта бола білген Елбасы Н. Назарбаев Тәуелсіздіктің қазығын берік қадады. Мәңгілік елге жеткізер берік іске осылай бастау жасады. Тәуелсіздікпен бірге тіліміз бен дінімі, рухымыз бен дәстүріміз оралды. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен Мәңгілік ел болу мұраты қайта жанданды», - дейді Ералы Тоғжан.
Сонымен қатар, ҚХА Төрағасының орынбасары тәуелсіздік тағылымдары туралы айта келе, оның халықтың келешегіне сенімін нықтағанын, жігері жанығанын атап өтті. Соның ішінде Елбасы айқындаған салиқалы саясатының арқасында барлық ұлт пен ұлыс ұйысып, қазақстандық дамудың өзіндік үлгісі қалыптасты. Оның айтуынша, қазақстандық бірлік пен татулық үлгісі қазір әлемге өнеге болып отыр. Мәселен, соңғы 1,5 жыл ішінде Қазақстанға 15 мемлекеттен ресми өкілдер келіп, тәжірибе алмасуға ниет етіп, тұрақтылық пен келісімнің мәселесін ортаға салған.
«Елбасы бастамасымен бірліктің мекені Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны белгілі. Шығу тегі әр түрлі мыңдаған қазақстандықтар соның арқасында ел алдына қойылған мақсат-міндеттерді ортақ күшпен атқаруда. Бүгінгі жетістіктің баршасы егемендіктің жемісі, тәуелсіздіктің арқасы. Бұл тұрғыдан алғанда «Қазақстан» атты алып кемені сауатты басқарып, оны кемел келешекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды», - деді Е. Тоғжан.
Халықаралық конференцияға мемлекеттік органдар өкілдері, шетелдік сарапшылар, Парламент депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысып отыр.