Елбасы: Министрлер, министрлердің орынбасарлары, облыс әкімдері қылмыстық жауапқа тартылды, экс-Премьер тергелуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жемқорлыққа бой алдырса туған-туысыма да, достарыма да, балаларыма да аяушылық жоқ... Мемлекет қаржысына қол сұғуға болмайды. «Хабар» телеарнасында өткен «Назарбаевпен ең бастылар жайлы...» деректі фильмде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады.
«Неліктен соңғы жылдары қылмыстық жауапқа тартылған Павлодар облысы әкімін, Атырау облысының әкімін, Қарағанды облысының әкімін естен шығарамыз. Олардың барлығы да менің танысым болды. Мен ұзақ уақыттан бері танитын, зор құрметпен қарайтын Қарағанды облысының әкімі Премьер-Министр лауазымына дейін көтерілген болатын. Қазіргі уақытта ол тергелуде. Өйткені, фактілер бар. Бұған араласуға болмайды», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы осы ретте жемқорлықпен күрес жөніндегі алғашы заң қабылданған кезде халыққа арнайы үндеу жариялағанын еске салып өтті.
«Мен өз туған-туыстарымды, достарымды, балаларымды да бұл ретте аяушылық болмайтындығын ескертемін. Мұны телеарна арқылы бүкіл елге айттым. Қазір де тағы қайталап айтамын. Министрлерді, министрлердің орынбасарларын түрмеге отырғыздық. Мен басқалар жайында айтып отырған жоқпын. Яғни, қазіргі уақытта ымырасыз күрес жүргізілуде және мұның барлығы бекер деп ойламаңыздар. Адам әр уақытта өз қателіктерін мойындамайды. Сондықтан бұл біздің барлық шенеуніктерді айықтыруы тиіс және олар бұл ретте ешқандай қамқоршының болмайтындығын түсінуі қажет. Мемлекет қаржысына қол сұғуға болмайды», - деді ҚР Президенті.