Елбасы Н.Назарбаев басқа оппозициялық партиялардың сайлауға қатыспағанына өкініш білдірді
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Ақордада шетелдік және отандық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқа оппозициялық партиялардың президенттік сайлауға қатыспағанына өкініш білдірді.
«Басқа оппозициялық партиялардың сайлауға қатыспағанына өкініш білдіремін. Дегенмен, біз оларды сайлауға түсуге белсенді түрде шақырдық. Бірақ бұл өздерінің шаруалары және партияның ерікті шешімі», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Н.Назарбаев кезектен тыс Президенттік сайлауға түскен оппоненттеріне бүгін алғыс білдіргендігін атап өтті. «Мен басынан-ақ сайлау үдерісі бойынша белсенді жұмыстар жүргізбейтіндігімді мәлімдедім. Мен лауазымым бойынша күнделікті айналысуым тиіс жұмыстарды атқардым. Сондықтан басқа кандидаттарға толық мүмкіншілік болды. Өздеріңіз олардың біздің еліміздің барлық өңірлеріндегі қалаларда және ауылдарда еркін болу мүмкіндігіне ие болғандығын көрдіңіздер», - деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы сайлау науқаны барысын жіті қадағалап отырғандығын атап өтті. Кандидаттар тарапынан өте маңызды, қызықты ұсыныстардың да болғандығын тілге тиек етіп, олардың келісімімен одан әрі ынтымақтастық орнатуға ұсыныс білдіретіндіктерін айтты.