Елбасы Н.Назарбаев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында өзіне сенім артқан жақтастарына алғыс білдірді

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында өзіне сенім артқан жақтастарына алғыс білдірді. Мемлекет басшысы зор ниетін бүгін түнде елордадағы сайлауалды штабы орналасқан «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратына келіп, білдірді.

Елбасы Н.Назарбаев  ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында өзіне сенім артқан жақтастарына алғыс білдірді

«Мен әу бастан биыл өзімнің мынау сайлауға байланысты шаруаларымды жасамай, өзімнің күнделікті жұмысыммен шұғылданамын деп, басқа да кандидаттарға мүмкіншілік, мұрша бердім. Қоғамдық штабты жүргізген мына тұрған Сіздерге шын жүрегімнен ризашылығымды, рахметімді айтамын. Осындай штабтар облыстарда, аудандарда, ауылдарда жұмыс істеді. Баршаңызға зор рахмет», - деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзін қолдаған 29 мың сенімді уәкілдеріне шын көңілден алғыс білдірді. Бұл орайда әсіресе сайлау барысында белсенділік танытқан жастарға алғыс айтты. «Себебі істеп жатқан шаруаның барлығы бүгінгі жастардың, тәуелсіздіктің құрдастарының болашағы үшін жасалып жатыр. 88 мың волентер жұмыс істеген баршаңызға шын жүрегіммен рахметімді айтамын. Барлық халыққа, комиссия мүшелеріне, айта берсе, бүкіл қазақстандық азаматтарға зор, шексіз, мың рахметімді айтамын», - деді Елбасы.