Елбасы Н.Назарбаев тамашалаған концертте опера әншісі П.Доминго Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқады

АСТАНА. Шілденің 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін  Астанадағы Тәуелсіздік сарайында әйгілі тенор дауысты испандық опера әншісі Пласидо Доминго қазақ тілінде ән шырқады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалаған концертте П.Доминго ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады. Маэстро әнді Астана қаласының мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен, қазақ дирижері Қанат Ахметовтің жетекшілік етуімен нақышына келтіре, құлақ құрышын қандырды.  

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, испандық әншінің сахнада әлемнің әр тілінде ән салып жүргеніне көп жыл болды. Тыңдаушылары П.Домингоның аузынан өз ана тілінде ән тыңдауды мәртебе санайды. Осы уақытқа дейін П.Доминго бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының басым көпшілігіне мұндай ниет танытқан емес әрі ол өзі өнер сапарымен барған елдердің бәрінде бірдей сол ұлттың тілінде шырқай бермейді.

 Зор қошеметпен өткен концерттің соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сахнаға шығып, Пласидо Домингоға Астана күніне тарту еткен өнер кеші үшін ризашылығын білдірді, сол жерде маэстро жиналған көрермендердің қол шапалақтауымен ән тілімен Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, зор ықылас-пейілін танытты.

Соңғы жаңалықтар