Елбасы Н.Назарбаев тау шаңғысы туризмін дамыту мәселесін шешуді жүктеді
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған алқалы жиын барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тау шаңғысы туризмін дамыту мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.
Елбасы егер де мемлекет жол салып, коммуникация жүргізбесе, инвестицияның ағылуына иек артуға болмайтындығын баса айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы Туризм және спорт минстрлігіне арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
«Сонымен қатар ішкі туризмді дамыту үшін Қапшағай демалыс аймағын белсенді игеру қажет. Инфрақұрылымын, жылдам көлік қатынасын жақсартып, қонақ үйлер, кемпинг салып, жағажай аймағын абаттандыру керек», - деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, осы мақсаттарға жету үшін Астана-Бурабай автобаны сияқты Алматы мен Қапшағай арасында автобан салу қажет. ҚР Президенті Алматы мен Алматы облысының әкімдеріне Туризм және спорт министрлігімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, туризмді дамту жөніндегі арнайы жұмыс тобын құруды, халықаралық тәжірибені зерделеуді және үш айлық мерзімде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.