Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландыру күні» өтеді
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 3 шараның басын біріктіретін «Индустрияландыру күні» өткізіледі.
Атап айтқанда, ҮИИД МБ аясында 2013 жылы пайдалануға берілген инвестициялық жобалардың ашылуына арналған жалпыұлттық телекөпір, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының дипломаттарын және ҚР Президентінің «Парыз» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі болады.
Телекөпір барысында Елбасы тікелей эфир арқылы қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа 10 жобаның іске қосылуына рұқсат береді деп күтілуде.
Жаңадан қосылатын жобалар мыналар: Шымкент-Түркістан жолы, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету жобасы, Алматы қаласындағы Қапшағай күн электр стансасы, Алматы облысындағы Жаркент крахмал-сірке зауыты, Қарағанды облысында темір-бетон бұйымдарын өндіру, Қостанай қаласындағы сұрыпты болат илеу зауыты, «Химфарм» АҚ-ның жаңа өндірістік қуаттары, Павлодар облысындағы күйдірілген анодтарды шығару зауыты, Маңғыстау облысында жол битумын өндіру зауыты, ШҚО-дағы фотоэлектр пластинкаларын шығару зауыты.