Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісі өтеді
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат- Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» тақырыбында интерактивті дәрісі өтеді.
Еске сала кетсек, интерактивті дәріс - отандық білім беру саласындағы жаңа дәстүр. Заманауи ақпараттық технологиялар арқасында республикадағы барша білім ұйымдарына Мемлекет басшысының дәрісі қолжетімді бола түспек. Бұл ретте Елбасы өз дәрісінде еліміздің жаңа интеллектуалды капиталын даярлаудағы стратегиялық жоспарды жүзеге асырудың бірқатар маңызды тұстарын атап өтетіні айтылады.
Сонымен қатар, дәрістің басталуымен бірге тағы бір жағымды жаңалық - Президент жаңа «Білім» атты телеарнаның тұсауын кесетіні күтілуде. Аталмыш телеарна өз жұмысын дәрісті тікелей трансляциялаудан бастамақ. Оқу-ағарту саласындағы бірінші телеарнаның мақсаты - білімді насихаттау, дарынды жастарды жоғары оқу орындары мен ғылымның басым бағыттарына даярлау, білім алуға талпынған әрбір жеткіншекке білімнің қолжетімді болуын қамтамасыз ету.