Елбасы Нью-Йоркте қазіргі кезде және болашақта іске асырылуы тиіс нақты бастамаларды көтерді - Ержан Ашықбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Елбасының Нью-Йорктегі ұсыныстарын екі топқа бөлуге болатынын айтты.
«Жалпы Елбасының Нью-Йоркте болған пікірталастарда айтқан ұсыныстарын мен өз басым екі топқа бөлер едім. Біріншісі, нақты қазіргі кезде іс-әрекетті қажет ететін қадамдар болса, ал екіншісі, перспективалы жоспар. Яғни, болашаққа негізделген күнтәртібін алға жылжытуға бағытталған. Осы Жаһандық даму кеңесін құру, сондай-ақ ғаламдық экономикалық қаржылық тұрақсыздықпен күресу мақсатында ұлтүстілік әлемдік валюта әзірлеу туралы ұсыныстар болашақта бүкіл адамзаттың, мемлекеттердің жұмыс істейтін күнтәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі ретінде ұсынылды», - деп тоқталды. Е. Ашықбаев.
Сонымен қатар ол бүгінде жасалуы керек шаралардың бірі ретінде ҚР Президентінің ЭКСПО-2017 көрмесінің инфрақұрылымы негізінде Астанада БҰҰ-ның қамқорлығымен жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығын құру бастамасын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы пікірталастарда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудың жаңа бастамалары ұсынылған сөзі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен қызығушылығына ие болды. Қазақстан лидері Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесі етіп қайта құру қажет деп есептейді. «Оның құрамына БҰҰ Бас Ассамблеясы сайлайтын мүше-мемлекеттермен қатар, Ұйымның арнайы мамандандырылған мекемелерінің, соның ішінде Халықаралық валюта қорының жетекшілері кіре алатын еді. Кеңеске жаһандық экономикалық реттеушінің функцияларын арту қажет», - деген еді Н.Назарбаев.