Елбасы: Несиеге батып байлық іздегенше, еңбекпен игілікке кенелген абзал

None
None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Несиеге батып байлық іздегенше, еңбекпен игілікке кенелген абзал.  Бүгін елордада өткен Индустриялық форум барысында сөз сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бүгінгі жаһандық әлем мен осы әлемнің құндылықтары ауысып жатыр, тіпті 180-градусқа десе де болады. Біз соңғы он жыл бойы ұдайы семіп, үлкейіп отырған қоғамдық тұтынудың одан сайын бұлдырланып бара жатқанын байқап келеміз. Өмір бойы борышқа батып өмір сүруге болмайды. Кредиттен ұдайы береке іздеу, тұрақты қарыздарды арттырудың өз жазасы болады. Бұған еуропалық елдердің жағдайын да мысалға келтіруге болады: қарызға алды, оны өтеу үшін тағы үстіне қарыз алды, ал оны өтеу үшін тағы батты. Бір күні «болды, тоқта, қарызды қайтар» десе беретін ештеңесі жоқ.   Жайлы өмір сүрді, жақсы тапты, бас-басына бірнеше үйлер сатып алды, 4-5 көлікпен жүрді. Енді төлеу уақыты келгенде дағдарысқа ұласты. Жоғалған қаражаттың өзі бірнеше триллион долларды құрайды. Жүздеген миллион жан жұмыссыз қалды», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент бүгінгі күні бүкіл әлем тұтыну идеологиясының дамыған елдердегі жаппай әлеуметтік әлсіздікті тудырғанын атап өтті. Бұның өзі жаһандық дағдарыстың басты себептеріне айналып отыр. «Бұндай тіпті дамыған елдерде де жүзеге аспайтын «жалған идеяға» қарсы басқа сындарлы балама табуымыз керек. Мен бұған балама ретінде «жаппай еңбек ету қоғамын» атай аламын. Еңбек қана игілік пен береке әкеледі. Кредит те, ақша да, қаржы жүйесі де емес, тек өндіріс қана. Ақшадан ақша жасап байып жатқандар да бар. Дегенмен, соңғы мәселе - өндіріс», -  деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram