Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы жаңа саябақты «Жетісу» деп атауды ұсынды

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы жалпықалалық сенбілікте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы жаңа саябақты «Жетісу» деп атауды ұсынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы жаңа саябақты «Жетісу» деп атауды ұсынды

Айта кетейік, қалалық жаңа саябақтың аумағы 100 гектар алқапқа созылып жатыр. Елбасының сөзіне қарағанда, бұл саябақ көлемі жағынан Қазақстанда ең үлкені болмақ.

«Осы 100 гектардың аумағында ботаникалық бақ жайқалатын болады және адамдар демалатын орынға айналады. Мен қалаға осы саябақты «Жетісу» деп атауды ұсындым», - деді Н. Назарбаев.

Осы орайда Президент бүгінде Астанада еліміздің барлық өңірлерінің атаулары бар екенін айтып өтті. Енді «Жетісу» атауымен жаңа саябақ орынды болмақ.

«Барлықтарыңыз жастарсыздар. Енді қыста және жазда демалып, рахаттанатын боласыздар. Себебі, ботаникалық бақ болғандықтан әлемдегі барлық ағаштың түрлерін осында отырғызамыз. Олардың көбісі жылыжайларда, ал қалғандары далада өсетін болады», - деді Елбасы.