Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты кітабы араб тілінде жарыққа шықты

деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Рияд қаласындағы Елшілігі.
Елбасының аталмыш кітабының тұсаукесері үстіміздегі жылғы 30 тамызда Бахрейнде Елші Қайрат Лама Шарифтің ұлттық мереке - Конституция күніне орай ұйымдастыралатын салтанатты қабылдауында өтпек.
Қазақстан Конституциясының 15 жылдық мерекесі аясында араб әлемінің қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары, инвестициялық компаниялары, қаржы және банктік ұйымдары тұңғыш рет өз ана тілінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың жаңа әлемдік қаржы жүйесін құру туралы идеясымен танысуға мүмкіндік алады.
Ұсынылып отырған кітап - тақырыбы, мазмұны және жан-жақты мәселелерді қарастыруы жағынан ауқымды еңбек. Автордың өз анықтамасынша, «кітаптың міндеті - ғаламдық әрекеттесуді түбегейлі жаңартуға бағытталған стратегияның дамуына мүмкіндік беретін межені анықтау». Мақсаты - «2012 жылы Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте талқылау үшін ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңартудың жүйелі стратегиясын дайындауға ұсыныс беру». Осы тұрғыдан алғанда араб тілінде басылып шыққан Елбасының кітабы 2011 жылғы мамырда Астанада өтетін VII Халықаралық Исламдық экономикалық форумға қатысушыларға да таратылады.