Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты Астанадағы көрмеге қойылды

  АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында "Тарихи таңдау" атты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағат қорынан алынған экспонаттар көрмесі ашылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты Астанадағы көрмеге қойылды

Көрме биыл алғаш рет атап өтілетін ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналып отыр. 1991 жылы дәл осы 1 желтоқсан күні Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тарихындағы алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Он күннен соң болған Тұңғыш Президенттің ұлықтау рәсімінде, "Қазақ Кеңестік Социалисттік Республикасының атауын өзгерту туралы" Заңға сәйкес біздің еліміз Қазақстан Республикасы деп атала бастады.

Көрмеге 1991 жылы алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауынан кейінгі тарихи кезеңді қамтитын жәдігерлер және материалдар қойылған. Атап айтқанда, екі залда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке мұрағатынан бірегей материалдар жинағы: қолжазбалар, жұмыс блокноттары, күнделіктердегі жазбалар, сөйлеген сөздерінің тезистері, ресми құжаттар, сайлау науқаны кезіндегі және сайлаудан кейінгі уақыттағы оқиғалар жайлы фото және бейне материалдар ұсынылған. Көрмені Елбасының бірқатар жеке заттары мен Мемлекет Басшысына берілген кәдесыйлар арасынан ең таңдаулы жәдігерлер толықтырады. Экспозиция ҚР Тұңғыш Президентінің тәуелсіз, демократиялық мемлекетті құру, мемлекеттік рәміздерді, Конституцияны қабылдау, ұлттық валютаны енгізу, астананы ауыстыру және ел тағдыры үшін жасалған басқа да маңызды шешімдерді қабылдаудағы тарихи рөлін ашып көрсетеді.

Президент Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболаттың айтуынша, Қазақстанның Президенттік институты кеңестік жүйені қиратқан аса қуатты дағдарыс кезінде дүниеге келді және ол өзінің ғұмырында қабілеттілігі мен ауқаттылығын көрсетті.

«Ондағы үлкен рөлді Президент, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ойнады. Қазақстандықтар сол кезде жарқын болашақ туралы айтқан Елбасының сөзін бүгінгі көрмеде көріп, тарихи оқиғаларды өз көздерімен көре алады», - деді ол көрменің ашылуында.