Елбасы: Облыстарда менің портретім емес, жұмыссыздық көрсеткіші туралы таблолар ілініп тұруы керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыстарда менің портретім емес, жұмыссыздық көрсеткіші туралы таблолар ілініп тұруы керек.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Сөз арасында Елбасы ірі кәсіпорындар жұмыс орындарын жиі қысқартуға мәжбүр болатынын, ал олар негізінен шағын және орта бизнесте құрылатынын айтқан болатын. Президент бұл ретте жаңадан ашылып жатқан ірі кәсіпорындарға тоқтала келе, ондайда мультипликативтік нәтиже болғанда жұмыс орындары ашылатынын жеткізді.
«Мен ұдайы шағын және орта бизнес туралы айтып келемін. Жаһандық жұмыс орындары үшін күрес мәселесіне біз әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуге үміткер ел ретінде жауап беруге тиіспіз. Өздеріңіз қараңыз: Қазақстан экономикасының 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету үшін бізге жыл сайын шамамен 10 мың жұмыс орындарын құруға тура келеді. Осыны бәрі ұғынулары керек. Облыс орталықтарына барғанда онда менің портретім емес, сол өңірде жылына, айына, тоқсанына қанша жұмыс орындары ашылғаны туралы іліну керек. Міне, мен осыны талап етемін. Бұқаралық ақпарат құралдары облыстарда қанша жұмыс орындары ашылғанын ұдайы көрсетіп тұратын болсын», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы телеарналарға индустрияландыру тынысы да күн сайын көрсетілуі тиістігін атап өтті. «Жетістігін ғана емес, кемшіліктерін де көрсету керек. Қытайда телеарналар бастапқыда кәсіпорындар, нысандар жұмыстарындағы қарбаласты көрсетеді. Біз бұны неге көрсетпейміз, бұлар - еліміздің мақтанышы. Өндірістің бәрі аспаннан келіп жатқан жоқ, бәрі адамдарымыздың қолымен жасалып жатыр. Бәріміз осыған жұмылайық», - деді Мемлекет басшысы.