Елбасы өкілеттілігін 2020 жылғы дейін ұзарту жөніндегі бастаманы елімізді өркендетіп, бізді бақытты етіп отырған тәуелсіздігіміздің тамыры деп білемін - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы елімізді өркендетіп, бізді бақытты етіп отырған тәуелсіздігіміздің тамыры деп білемін.
Бұл пікірді бүгін елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында 2020 жылға дейін ҚР Президентінің өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдумды өткізу туралы бастамашыл топты қолдауға орай ұйымдастырылған «Қазақстан 2020: жаңа онжылдықтағы - жаңа Қазақстан» тақырыбындағы конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл білдірді.
Халық қалаулысы өз сөзінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы бірінші экономика одан кейін саясат деген бағытты ұстанғанын әрі бұл ұстаным қазіргі уақытта өз жемісін беріп отырғандығын баса айтты.
«Қазақ халқы Президенттің ұлттық саясатының арқасында өзін өзі таныды. Елбасы мемлекет құра алатын, астана сала алатын, әлем елдерімен тең дәрежеде тілдесе алатын, әлемге өзінің озық ойын жеткізе алатын халық екендігімізді танытты», - деді ол.
Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысының үзбей жүргізіп келе жатқан саясатының бірі ұлттық құндылықтарымызды қадірлеу екендігін атап өтті.
Оның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта қазақ халқының тарихи тұлғалардың бәріне ескерткіштер салынып, ақын-жазушыларымыздың шығармалары жарыққа шықты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихымыз жинастырылып, жүздеген томдық еңбек болып жарық көрді.
«Елбасы өзі жасап кеткен, жасап жатқан іс-шараларын жемісті етуі керек. Біз бір тұлғаның маңайына шоғырлану, сол тұлғаны қадірлеу арқылы оның саясатын дер кезінде жүзеге асыруымыз қажет», - деді А.Смайыл.